
«Археология және этнология» кафедрасының докторанты Кембридж университетінің Макдональд институтында ғылыми тағылымдамадан өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Тарих факультеті «8D02208 – Археология және этнология» мамандығының докторанты Жумадилова Карлыга Адилқызы Ұлыбританияның Кембридж қаласындағы Кембридж университетінің Макдональд атындағы Археологиялық зерттеулер институтында (McDonald Institute for Archaeological Research) ғылыми тағылымдамасын сәтті аяқтады.

2026 жылдың 27 қыркүйегі мен 27 қазаны аралығын қамтыған 30 күндік халықаралық тағылымдама офлайн және онлайн форматтарда ұйымдастырылды. Оқу бағдарламасы аясында докторант «Еуразия кеңістігіндегі Түркі халықтарының дүниетанымындағы табиғат мінәжаты» атты докторлық диссертациялық тақырыбы бойынша ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Докторанттың отандық ғылыми жетекшісі – т.ғ.к., «Археология және этнология» кафедрасының доценті Үмітқалиев Ұлан Үмітқалиұлы, шетелдік ғылыми кеңесшісі – т.ғ.д., Измир Катип Челеби университетінің профессоры Аныл Йылмаз (Anıl Yılmaz, Түркия).

Кембридж университетінің Макдональд институты ұйымдастырған «New Directions: Understanding Ancient Interactions Across Eurasia» (Жаңа бағыттар: Еуразия кеңістігіндегі көне өзара әрекеттесулерді түсіну) атты халықаралық ғылыми конференцияда К.А. Жумадилова докторлық диссертациясы аясында «Nature Worship in the Worldview of the Turkic Peoples of Eurasia: Archaeological Context and Semantic Analysis» тақырыбында баяндама жасап, зерттеу нәтижелерін әлемдік ғылыми қауымдастық алдында сәтті қорғап шықты. Баяндамада Еуразия көшпелілерінің дәстүрлі дүниетанымындағы табиғатқа мінәжат ету ғұрыптарының семантикалық құрылымы, рухани-мәдени құндылықтар жүйесі және олардың археологиялық контекстегі көріністері жүйелі түрде сараланып, халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болды.

Тағылымдама барысында Кембридж университеті Археология факультетінің қауымдастырылған профессоры, Girton College мүшесі, Кембридж мұраларды зерттеу орталығының директор орынбасары доктор Лилиана Яникпен (Dr. Liliana Janik) және тағылымдама бағдарламасының үйлестірушісі доктор Ребекка Робертспен (Dr. Rebecca C. Roberts) арнайы жұмыс кездесулері өткізілді. Ғалымдардан археологиялық ескерткіштер мен дүниетанымдық көзқарастарды зерделеудегі заманауи әдіснамалық тәсілдер бойынша құнды кеңестер алынды.

Ғылыми ізденістер аясында Кембридж университетінің бас кітапханасы (Cambridge University Library) мен Хаддон кітапханасының (Haddon Library) сирек қорлары мен электронды архивтері пайдаланылды. Зерттеу барысында Еуразия көшпелілерінің сакралды географиясы, дәстүрлі дүниетанымдық концепциялары және жартас өнерінің семантикалық қырларына қатысты халықаралық іргелі ғылыми басылымдар мен фундаменталды монографиялар жүйелі түрде сараланды.
Сонымен қатар докторант Кембридж университетінің А. Седжвик атындағы Жер ғылымдары музейіне (Sedgwick Museum of Earth Sciences), Фицвиллиам музейіне (The Fitzwilliam Museum) және Лондондағы әйгілі Британ музейіне (British Museum) арнайы сапарлар ұйымдастырып, артефактілердің семантикасы, когнитивті археология және көне жәдігерлерді сақтау-зерттеу әдістемелерімен тікелей танысты.
Тағылымдаманың онлайн кезеңінде (17-27 қазан) Zoom және электрондық пошта жүйелері арқылы шетелдік кеңесшілермен тұрақты байланыс орнатылып, жинақталған эмпирикалық материалдар, архивтік жазбалар мен семантикалық талдау нәтижелері электронды каталогтарға теріліп, диссертацияның теориялық-концептуалды негізі толықтырылды.
Офлайн және онлайн кезеңдерде атқарылған ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстары мен қол жеткізілген нәтижелер университеттің оқу-әдістемелік талаптарына қатаң сәйкестендіріп ресімделді. Ғылыми тағылымдаманың қорытындысы бойынша докторант К.А. Жумадиловаға Кембридж университетінің Макдональд атындағы Археологиялық зерттеулер институты тарапынан ресми халықаралық сертификат пен оң ғылыми пікір берілді.
