
Кәсіптік бағдар беру кездесуі: археология және этнология бағыттары бойынша мүмкіндіктері

2026 жылғы 18 ақпанда №84 мектеп-лицейінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Археология және этнология кафедрасының өкілі – т.ғ.к. Қаженова Г.Т.-мен кәсіптік бағдар беру кездесуі өтті. Кездесу барысында оқушылар университеттегі білім алу мүмкіндіктерімен және ғылыми қызмет бағыттарымен танысты.
Оқушыларға кафедра Қазақстандағы археология және этнология саласы бойынша мамандар даярлайтын жетекші орталықтардың бірі ретінде таныстырылды. Кафедраның жетістіктеріне ерекше назар аударылып, студенттер мен оқытушылардың ғылыми жобаларға, археологиялық экспедицияларға, халықаралық конференцияларға және әлемнің жетекші университеттеріндегі академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысуы туралы айтылды.

Оқушылар археологиялық қазба жұмыстары, артефактілерді зертханалық зерттеу үдерісі және бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша оқу мүмкіндіктері туралы қызығушылықпен тыңдады. Сонымен қатар түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктері — ғылыми-зерттеу институттары, музейлер және мемлекеттік құрылымдарда қызмет ету бағыттары таныстырылды.
Оқушылар тарихи-археологиялық бағыттарға ерекше қызығушылық танытып, сұрақтар қойды. Мұндай іс-шаралар ғылымды насихаттауға ықпал етіп, болашақ талапкерлерге мамандық таңдауда саналы шешім қабылдауға көмектеседі.
